- Блогтар
- Жүдебаев А.Ә.
Жүдебаев А.Ә.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры
Жүдебаев А.Ә.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры
Жүдебаев Арман Әділханұлы 17.09.1986 жылы Алматы облысы, Қапшағай қаласында дүниеге келді.
2004 жылы А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық орта-мектеп интернатын «Домбыра» мамандығы бойынша бітірді. Мектеп қабырғасында оқып жүріп, Республикалық конкурстардың лауреаты атанып, сол жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық музыкасы» факультетіне «Домбыра» мамандығы бойынша және 2005 жылы қосымша «Дирижерлеу» мамандықтарына оқуға түсіп, атақты домбырашылар Қ.Мұхитов, Т.Мерғалиев, Қ.Ахмедияров, А.Тоқтаған, А.Үлкенбаева; дирижерлік өнерден Т.Әбдірашев, Б.Жаманбаев, Н.Жарасов, А.Жайымов секілді өнер майталмандарынан дәріс алып, дирижер, ұстаз және жеке орындаушы ретінде консерваторияны үздік тәмәмдады.
2009 жылы Қазақ ұлттық консерваториясы магистратурасының ғылыми-педагогикалық бағытында «6М040500-Дирижерлеу» мамандығы бойынша конкурс негізінде мемлекеттік грантын иеленіп, 2011 жылы Өнертану магистрі академиялық дәрежесін алды.
Консерваторияда оқу барысында Халықаралық және Республикалық конкурстарға қатысып, лауреат атанды.
2004 жылы XXV Республикалық конкурсының «Домбыра» номинациясы бойынша лауреаты (1-орын).
2005 жылы «Асыл мұра» жобасы бойынша дәстүрлі музыка орындаушылары III сайысының лауреаты (1-орын);
2006 жылы Күйші-сазгер Сейтек Оразалиевтің 145 жылдығына арналған Республикалық домбырашылар байқауының Бас жүлде иегері;
2009 жылы XII Халықарлық «Шабыт» шығармашылық жастар фестивалі аясында өткізілген байқауда «Домбыра» номинациясы бойынша лауреаты (1-орын);
2010 жылы Қазақстан Республикасының мәдениет министрлігі, Құрманғазы атындағы VIII Республикалық халық аспаптарында орындаушылар байқауында «Домбыра, шертер» номинациясы бойынша Бас жүлде;
2011 жылы Астана қаласының әкімдігі, Нұрғиса Тілендиев атындағы «Өз елім» II саз фестивалі аясындағы байқаудың «ДИРИЖЕРЛЕУ» номинациясы бойынша Бас жүлде;
2012 жылы КСРО Халық артисі, композитор М.Төлебаевтың 100 жылдық мерей тойына арналған «Алтын Таяқша» Республикалық дирижерлеу байқауында Бас жүлде;
Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Халық артистері Беляевтың, Цыганковтың, Гергиевтің, Ресейдің еңбек сіңірген артисі Торгашеваның, Татарстанның еңбек сіңірген артисі Мухаметдинованың шеберлік класстарына қатысты.
2009-2013 жылдар аралығында Қазақ ұлттық консерварториясында ұстаздық қызметін атқарып, 2012 жылы аға-оқытушы дәрежесін алды. Сонымен қатар, студенттік оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері қызметін атқарып жүріп, оркестрмен Түркия, Германия, Қытай Халық Республикасы, Австрия елдерінде табысты өнер көрсетті. 2012 жылы оркестр айтысы жобасын ұйымдастырып, Елордамыз Астана қаласында үлкен Қазақстан орталық концерт залында көрермендерге концерттік бағдарламаны паш етті. Бүл концерттің ерекше тұсы - елімізде түңғыш рет консерваторияның Халық аспаптар және симфониялық оркестрлері бір сахнаға бірге шығып, дала классиктері Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Ықылас т.б. сынды күйшілердің күйлері және әлем классиктері Россини, Моцарт, Чайковскийдің туындыларынан оркестр айтысы жоғары деңгейде өтті.
2013-2018 жылдары аралығында Ұлттық музыкалық өнер ұйытқысы болған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне Бас дирижер қызметіне тағайындалды.
Құрманғазы оркестрімен көптеген шет мемлекеттерде, әлемге әйгілі сахналарда өнер көрсетті. Украина, Түркия, АҚШ, Германия, ҚХР, Щвейцария, Франция, Болгария, Австрия сынды мемлекеттерде жоғарғы деңгейде концерттік бағдарламалар ұйымдастырып, еліміздің мәртебесін асқақтатты. Еліміздің барлық мәдени іс-шараларына үнемі қатысуда. Жыл сайын Қазақстанның көптеген қалаларында, облыс және аудан орталықтарында концерттік бағдарламамызды ұсынып, әр жобада күйлер мен әлем халықтарының әуендерін, классикалық шығармаларды, заманауи композиторлардың әндерін жаңа форматта ұсынуда.
2014 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды.
2017 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды.
2018 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 13 маусымдағы № 245 Үкіміне сәйкес Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің ректоры болып тағайындалды.
2019 жылы Қазақстан Республикасы музыка өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының және Алматы қаласы әкімінің «Еңбегі үшін» медалінің иегері болды.
2020 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына орай мерейтойлық медальмен марапатталды.
2021 жылы ақпанда Халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық және дала данышпаны, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларына арналған іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуге қосқан үлкен үлесі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Алғыс хатына ие болды.
2021 жылы VII сайланған Алматы қаласы мәслихатының депутаты атанып, әлеуметтік-мәдени даму, жастар және қоғамдық коммуникациялар жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағалығына тағайындалды.
Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа жолдауындағы «Мәңгілік Ел» идеясының жүзеге асыруына мақсатты түрде ат салысуда.