- Блогтар
- Жақыпова С. Қ.
- Өтініш
Жақыпова С. Қ.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Қазахстан Республикасының Премьер-Министрі
К.Қ.Мәсімов мырзаға
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы
ЖШС директоры, I-ші топтағы
мүгедек Б.М.Қожақовтан
байланыс тел: 8 711 2 500 792
8 775 370 55 55
Құрметті Кәрім Қажмұқанұлы!
Сізге осы өтінішімді жолдай отырып төмендегі жағдайды баяндаймын.
Осыдан он шакты жыл бұрын аяқ астынан сырқатқа шалдығып, жаман жараның салдарынан қос аяғымды бірдей кестіріп мүгедектік қалге тап болдым. Қазір I-ші топтағы мүгедекпін. Қаншама қиын жағдайды басымнан кешірсем де мойымай, алға ұмтылуға, еңбектенуге тырыстым. Өзімнің шағын кәсібімді ашып, түрлі жиһаз шығара бастадым. Бүгінде кәсіпорынның ауқымы едәуір кеңіп, жұмыс көлемі де ұлғая түсті. Бұрын «Қожақов» жеке кәсіпкерлігі ретінде ашылған кәсіпорын қазір «Ғибадат» ЖШС болып қайта құрылды. Қарамағымда ауылдан жұмыс іздеп келген отызға тарта жас жұмысшылар жұмыс жасауда. Оларға жиһаз жасаудың қыр-сырын меңгеріп, еңбекке баулып келеміз. Оған қоса, мүмкіндігі шектеулі жандарды да жұмысқа тартуды мақсат етіп, бүгінгі таңда бес мүгедек бізде жұмыс жасауда. Орта және шағын бизнесті қолдауға, әсіресе отандық өнім шығарушы шағын кәсіпорындар жұмысын жандандыру ісіне Сіз басқарып отырған Үкіметіміз көп көңіл бөлуде. Соған қарамастан, біздің алдымызда кездесетін қиындықтар аз емес. Әсіресе, мүгедек кәсіпкерлерді қолдау мәселесі өз шешімін таба алмай келеді. Өзім бүгінде I-ші топтағы мүгедек ретінде бізге арнайы жеңілдіктер қарастырылып, құқығымыз қорғалса деген ұсынысымды жеткізгім келеді. Өйткені біз тендерге қатысуда, басқа да жағдайларда өзге кәсіпкерлермен тең дәрежеде қараламыз. Бізге ешқандай жеңілдік, қолдау болмай тұр.
Осыған орай, Сізден мүгедек кәсіпкерлерді қолдау қандай да бір шаралардың алынуына қолдау көрсетуіңізді сұраймын. Біздің шағын кәсіпорынымыз кеңселерге, мәдениет уйлеріне, балабақшалар мен мектептерге, сондай-ақ тұрмыстық жиһаздар дайындау ісімен айналысады. Қазіргі таңда басыбайлы баспанамыз болмағандықтан, жиһаз жасау цехын да, кеңсемізді де жалға алып отырмыз. Мәселен, жиһаз цехын №1-ші нан зауыты базасында 300 мың теңгеге жалға алудамыз. Бұл бір жағынан қиындық тудырса, мүгедек кәсіпкерлерге арнайы жеңілдіктің қарастырылмауы да жұмысымыздың ілгерілеуіне қолбайлау болуда.
I-ші топтағы мүгедектерге 2-ші деңгей банкілерінен несие берілмейді. Сол себепті біздер, яғни, мүгедектер, бизнесімізді әрі қарай кеңейтіп жұмыс орнын көбейту үшін 30-50 млн.теңге несие ала алмай отырмыз.
Сондықтан, құрметті , Кәрім Қажмұқанұлы, біздерге, мүгедектерге, Сіздің тікелей үлкен көмегіңіз бен қамқорыңыз қажет. Себебі не Республика, не облыс бойынша біздерге ешкім көңіл бөлмейді. Жер телімін беру жөнінде облыс әкімшілігіне бұдан бұрын бірнеше рет жазып, еш нәтиже болмады. Себебі жоғарыдағы көкелер, былай айтқанда шенеуніктер, өз туыстарының қамын ойлайды.
Сол себепті біз Сізге үлкен үміт артамыз, жоғарыда көрсетілген 30-50 млн.теңгені үкіметтің тарапынан «Бизнес жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша көмек ретінде алуға көмектеседі деп сенеміз. Және де Сіздің тікелей қадағалауыңызбен облыс әкімшілігі біздің мекемеге, яғни мүгедектер мекемесіне, не ғимарат беріп, не өз күшімізбен шағын ғимарат тұрғызып алатын қаланың ортасынан жер телімін беруге көмектеседі деп сенеміз.
Біздің жасалған әр жиһазымыз баланың жасына, қауіпсіздігіне, ой-өрісін дамытуды көздейді. Ақжайық ауданының Чапай орталығында «Жиһаз» атты дүкеніміз бар. Сол дүкен арқылы біздің шығарған өнімдеріміз халыққа қала бағасымен сатылады. Сол секілді әр аудан әкімдері арнайы ғимарат бөліп аудан орталықтарынан жиһаз сату орындарын ашсақ, қала бағасымен тұрмыстық өзге де жиһаз түрлерін сатуға және аудан, ауылдардағы мүгедек жандарды жұмыспен қамтуды мақсат тұтамыз. Біз осылайша Президентіміздің «Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасына» өз үлесімізді қосамыз.
Біздің осынау ұсыныс, тілектерімізді ескеріп, кәсіпорынымыздың жұмысын кеңейтуге өз тарапыңыздан қолдау көрсетеді деген сенімдемін. Сізге Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі ретінде, және де , ел азаматы, аға ретінде де мені қолдайтыныңызға сенімім мол.
Және де Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының I-ші топтағы мүгедек қазақ азаматы Иранға өте көп көмек көрсеткенін білеміз, жақсылығы Алладан қайтсын деп тілейміз. Сол секілді маған да мүгедек ретінде жанашырлық танытып көмектеседі деген үміттемін.
Жоғарыда айтылған жағдайларды баяндай отырып Сіздің қабылдауыңызға рұқсат етуге өтініш білдіремін және өтінішім аяқсыз қалмайды деп сенемін.
Құрметті Кәрім Қажмұқанұлы, Батыс Қазақстан облысының Әкімі Ноғаев Нұрлан Асқарұлына біздің жоғарыда көрсетілген жағдайымыз жөнінде жазбаша баяндалды. Соның орындалуын өз қадағалауыңызға алуыңызды сұраймыз.
«Ғибадат» ЖШС директоры Біржан Қожақов
- Біржан Морякұлы
- Шағын және орта кәсіпкерлік
- 02.05.2012
- 673
- Өтініш нөмірі 141121/1
Жақыпова С. Қ. 09.07.2012, 12:00
Құрметті Біржан! Халықты жұмыспен қамту 2020 бағдарламасының екінші бағыты кәсіпкерлікті ынталандыру жеке ісін ұйымдастыру арқылы азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. Бұл бағыт бойынша ауыл кәсіпкерлері және өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар мен табысы аз адамдар қатарындағы жеке ісін ұйымдастыруды қалайтын және оған мүмкіндігі бар адамдар қатыса алады. Жеке ісін ауылда ұйымдастыруды қалайтын әйелдерге қатысудың басым құқығы беріледі. Осы бағыт шеңберінде мемлекеттік қолдаудың мынадай консультативтік қызмет көрсету, кәсіпкерлік негіздерге оқыту, микрокредит беру және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту түрлері көрсетіледі. Микрокредит беру шарттары: мақсаты - жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту, айналым капиталын толықтыру; кредит тұтынушылық мақсаттарға, бұрынғы қарызды өтеуге және жылжымайтын тұрғын үй алуға берілмейді; мерзімі - 5 жылдан және ең жоғары сомасы 3 млн. теңгеден аспайды; соңғы қарыз алушыға кредит бойынша негізгі қарызды өтеу бойынша кредит мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайтын мерзімге жеңілдікті кезең ұсынылуы мүмкін. Бағдарламаның қағидалары бойынша кепілдікке жылжымайтын мүлік (ғимараттар, құрылыстар, тұрғын үй-жайлар, пәтерлер және т.б.), жылжымалы мүлік (автокөлік, ауыл шаруашылығы техникасы, автожол техникасы және т.б.), жер учаскесі немесе жерді пайдалану құқықтары (дәнді дақылдарды, көкөніс және т.б.), өсімдік өсіру өнімдері (астық) және ауыл шаруашылығы малдары (жылқы, түйе, ірі қара мал) қойылады. Бұған қоса, «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекет азаматтарға халықты жұмыспен қамту саласында жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауға, және жұмыспен қамтуға уәкілетті органдардың делдалдығы арқылы жұмыс таңдау мен жұмысқа орналасуда жәрдемдесуге кепілдік береді. Осыған байланысты тұрғылықты мекеніңіз бойынша жұмыспен қамту органдарына жолығып, мамандығыңызға сай келетін бос жұмыс орны болған жағдайда жұмысқа орналасу мүмкіндігі барын хабарлаймыз. Сіздің хатта көрсетілген Бизнестің жол картасы 2020 бағдарламасы аясында кредит алу мәселеңізге қатысты осы бағдарламаның әкімшісі ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігіне жолығуды ұсынамыз.