Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу

Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының және Шымкент қаласының аумағында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының (бұдан әрі – КҚГҚ) табиғи ошақтары бар. Республика бойынша жыл сайын КҚГҚ-ның 20-26 жағдайы тіркеледі, оның 10%-ы өліммен аяқталады. Табиғи ошақтардың болуының негізгі себебі – осы аумақтарда иксод кенелерінің тіршілік етуі, олар КҚГҚ-ның негізгі тасымалдаушысы болып табылады, бұл ретте кенелер үй, жабайы жануарларда паразиттік тіршілік етеді. Кенелер әдетте наурыз айында жаппай шыға бастайды, олардың шағуынан зардап шеккен адамдардың көбі мамыр-маусым айларында тіркеледі, жыл сайын олардың саны 7 мыңнан 15 мыңға дейін болады. Адам мынадай жағдайларда ауруды жұқтырады: - тікелей жұқпалы кене шаққанда; - КҚГҚ-мен ауыратын адаммен байланыста болған кезде; - кене басқан ауыл шаруашылығы жануарларын бағу кезінде (малдан кенені малдан алғанда, қайшымен қырыққанда және кенен қолмен алып тастағанда). Мына адамдардың ауруды жұқтыру қаупі жоғары: - жануарларды бағумен (шопандар, малшылар, сақманшылар, сауыншылар, ветеринариялық қызметкерлер), сондай-ақ табиғи ошақтың аумағында малды союмен немесе бөлшектеумен айналысатын адамдар; - кез келген адам, егер олар эндемиялық аймақта болғанда жұқпалы кенемен байланыста болса; - КҚГҚ-мен ауыратын науқастың қанымен және басқа да биологиялық сұйықтықтарымен қорғалмаған байланыста болған медицина қызметкерлері. Аурудың басталуынан бастап белгілердің пайда болуына дейін 2 күннен 14 күнге дейін уақыт өтеді. Ауру жіті дамиды, дене температурасы 40 градусқа дейін көтеріледі, бастың ауыруы, қалтырау, беттің, сілемейлі қабықтардың қызаруы, әлсіздік, бұлшықеттің, буынның ауыруы, жүрек айну, құсу және 2-4 күннен кейін мұрынның, қызылиектің қанауы, дененің, сілемейлі қабықтардың, инъекция орнының қанталауы байқалады, ішкі ағзалардан қан кетуі мүмкін. Сауыққаннан кейін иммунитет 2 жылдан 7 жылға дейін сақталады. Қазіргі уақытта КҚГҚ-ға қарсы вакцина жоқ. КҚГҚ-ны жұқтырмау үшін: - табиғатқа шыққан кезде кенелерді үркітетін құралдарды (аэрозольді репелленттерді) пайдалану; - киімге түскен кенелерді уақтылы табу үшін өзін-өзі және бір-бірін тексеру; - ауыл шаруашылығы жануарларын қырқуды және жүнді өңдеуді қорғаныш киіммен және қолғаппен орындау. - табиғи ошақтарда орналасқан жануарларды және мал қораларын кенеге қарсы өңдеу қажет. КҚГҚ ауруын емдеуді уақтылы бастамаған жағдайда аурудың өлімге әкелуі мүмкін екенін ескере отырып, кене шаққан кезде тез арада медициналық мекемеге жүгіну қажет! Кенелерді өз бетіңізбен алмаңыз!

  • Сұрақтар: 0
  • Жауаптар: 0
  • 24
  • 02.05.2024, 09:00
  • 02.05.2024, 18:00
  • ҚР Денсаулық сақтау министрілігі
Бірде бір сұрақ жоқ